Ағымдағы жылдың 9 сәуір күні, №61 «Сұлтан» бөбекжайынның музыка жетекшісі Құлсариева Гүлнар Орынқызының 60 жас мерейтойына арналған «Саналы ғұмыр, сырлы сазгер, сара жол…» атты салтанатты кеші өтті.
Мақсаты: Сазгер, әнші Гүлнар Орынқызының шығармашылық жолын, өнердегі жетістіктерін насихаттау, рухани мәдениетті дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі ету.
Өлкемізге танымал әнші-сазгер Гүлнар Орынқызының салтанатты кешіне өнердегі замандастары, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті жазушысы, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, ақын — Ғалым Әріп, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония әншісі — Нұрияш Оспанова, ҚР Мәдениет қайреткері, Қарақия ауданының құрметті азаматы, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония әншісі — Жоламан Көшкінов арнайы келді.
Салтанатты кешті Қазақстан Республикасының журналистер одағының мүшесі, «Сөз бен саз» бағдарламасының авторы, ұлтжанды азамат Бердіхан Әлмен жүргізді.
Гүлнар Орынқызы – табиғатынан дарынды, еңбекқор, өнерге шын жүрегімен берілген жан. Ол тек ән орындаушы ғана емес, өз әндерінің әуенін, музыкасын өзі жазатын нағыз сазгер. Оның шығармашылығы – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ұлттық рух пен асқақ сезімдердің көрінісі.
Сазгердің жүректен шыққан туындылары қатарында «Маңғыстау», «Ақтауым», «Қасиетті Қазақстаным», «Астанам», «Қаламқас қырандары», «Бұрғышылар әні», «Қос шынар», «Ана туралы ән», «Әке туралы ән», «Ғашықпын», «Әсем қала Ақтауым», «Гүл қызым», «Құтты болсын тойларыңыз» секілді тыңдарманның жүрегінен орын алған әндер бар. Бұл әндердің әрқайсысында туған өлкеге деген махаббат, отбасыға құрмет, Отанға деген адалдық пен махаббат сынды мәңгілік құндылықтар жырланады. «Маңғыстау» мен «Ақтауым» әндерінен жергілікті тұрғындардың өмірге деген көзқарасы мен мақтанышы сезілсе, «Ана туралы ән» мен «Әке туралы ән» – отбасы қадірін ұлықтайтын шығармалар. Ал «Қаламқас қырандары» мен «Бұрғышылар әні» – еңбек адамдарының рухын асқақтатады.
Гүлнар Орынқызының өнері – халқына арналған жүрек сөзі. Оның әндері ел аузында жүр, той-думанның сәні болып, түрлі мәдени іс-шараларда орындалып келеді. Бұл – халықтың ыстық ықыласы мен ризашылығының белгісі.
Кеш барысында тосын сый аз болған жоқ. Әнші-сазгер Гүлнар Орынқызының әндері шырқалып, бейнеролик арқылы жүрекжарды жылы лебіздер айтылды. №61 «Сұлтан» бөбекжайының тәрбиешілері хормен «Қасиетті Қазақстан», №8 «Айгөлек» тобының тәрбиеленушілері «Әсем – қала Ақтауым» әнін орындады. Кеш қонақтары Жоламан Көшкінов «Қос шынар», Нұрияш Оспанова «Астанам», Фариза Орын «Қаламқас қырандары» атты әндерін шырқады.
Қазақстанның құрметті жазушысы, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, ақын — Ғалым Әріп ақ тілегін айтып, Гүлнар Орынқызына арнайы жазылған, тамаша арнауын оқыды. Кездесудің басқа да қонақтары сөз алып, аяулы әнші-сазгерге ақжарма тілек-лебіздерін жаудырды. Кеш соңында №61 «Сұлтан» бөбекжайының директоры Тыныштық Қалниязқызы құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін айтты.
Әнші-сазгер өнер иесі әдемі кеште көрермендер ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді.
Өнер жолы – оңай жол емес. Бірақ сол жолда табандылықпен, шынайы сезіммен, адал еңбегімен жүріп келе жатқан Гүлнар Орынқызы сынды сазгерлер – нағыз мақтаныш!